Жоба туралы


Қымбатты досым!

Сіздің Қазақстандағы білім беру саласына арналған жаңа ақпараттық-танымдық порталға кіргеніңізге қуаныштымыз және онымен таныстыруға ынталымыз!

Қазіргі заманда алуан түрлі мамандықтар мен қызмет бағыттарының көптігі сондай олардың ішінен қалағанын табу мектеп түлегі үшін оңай емес. Ал бұл мәселеде жан-жақты түсінік беру оның ата-анасына да жеңіл тие бермейді. Сонымен бірге жасөспірімдердің болашақ мамандығын дұрыс таңдауы - аса маңызды жайт екенін ұмытпағанымыз абзал. Өйткені олардың ертеңгі кәсіби маман ретінде сұранысқа ие болу мүмкіндігінен бастап, жеке өмірін ойдағыдай қалыптастыруына дейінгі тағдыры көбіне мамандық таңдауға байланысты болып келеді.

Біздің жобамыз Қазақстандағы балабақшадан жоғары оқу орындарына дейінгі бүкіл тәрбиелеу-білім беру мекемелерінің дерекқорларын бір жерге топтастырып, жүйелесек деген ниеттен туындады. Дерекқорлар алда дами келе «Мамандықтар энциклопедиясын» қалыптастырады деген сенімдеміз. Мұндай энциклопедияның арқасында оқырман қазіргі заманғы кез келген мамандық жайлы, қайсыбір  мамандықтың қандай дағды мен бейімділікті қажет ететіні туралы, оған қай оқу орны дайындайтыны, сондай-ақ  ондай мамандық иелеріне деген сұраныс деңгейі мен еңбекақы көлемі жайында көптеген пайдалы ақпарат ала алады.     

Жобаның ауқымдылығын ескере отырып және оның біз ойлағандай қалыпта көрінуі үшін порталды интерактив етуді ұйғардық және осы мақсатта әрбір қазақстандықты ынтымақтасуға шақырамыз. Оның мүмкін болатын себебі тікелей білім беру саласында қызмет ететін адамдарды айтпағанда, біздің әрбіріміз-ақ осы саладан біржола қол үзіп кеткеніміз жоқ. Өйткені біздің балаларымыз бен немерелеріміз балабақша мен ЖОО арасындағы тізбектің әлдебір буынында білім алып, тәрбиелену үстінде. Ал біз олардың болашағына немқұрайлы қарамайтынымыз анық. Біз еліміздегі таңдаулы балабақшалар мен озық жоғары оқу орындарының, үздік тәрбиешілер мен оқытушылардың, білім берудің жаңа әдістемелерінің, инновациялық шешімдердің халықтық рейтингісін жасауды ұсынамыз және қазіргі оқулықтар мен оқу құралдарының сапасына баға беріп, ұсыныс-пікірлеріңізді білдіруге шақырамыз.  Портал шын мәнінде – жас мамандар мен тәжірибелі педагогтердің және олардың қызметін тұтынушы қалың жұртшылықтың өзара ойларымен бөлісіп, кез келген мәселені талқыға сала алатын орны.

Қазақстандағы білім беру мәселесі жеке министрлік пен ведомствоның қарауына салып, қамсыз жүретін мәселе емес екенін, оның күн сайын әрбіріміздің өмірімізге араласып, ұрпағымыздың тағдырын шешіп жатқанын түсінсек керек. Біздің балаларымыз бен немерелеріміздің ғана емес, еліміздің келешегі де оның қалай шешімін табатынына байланысты. Сондықтан біз Сізді сырттай тамашалаушы ретінде қалып қоймай, өз ой-ұсыныс, ақпаратыңызды интерактив порталдың басқа қатысушыларымен бөлісуге үндейміз. Бізге Сіздің белсенді әрекетіңіз аса маңызды!

Порталымыз Сіздің белсенділігіңіздің арқасында алға басып, жаңа мазмұнға ие болады және дамуға жаңа қарқын алады деп сенеміз!

Порталымызға назар аударғаныңыз үшін алғыс айтамыз және оған бұдан кейін де қызығушылық танытасыз деп үміттенеміз!